PIAAC зерттеуі туралы

Ересек адамдардың құзыреттілігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (PIAAC) 16-65 жас аралығындағы ересектердің оқу, математикалық және компьютерлік сауаттылығын бағалайды. Бұл дағдылар «ақпаратты өңдеудің негізгі дағдылары» болып саналады және табысты өмір сүрудің негізін құрайды.

PIAAC – 10 жылда бір рет өткізілетін циклдік зерттеу. Зерттеудің бірінші циклы 3 айналымға бөлінді. Қазақстан PIAAC-тың 3-ші айналымына қатысты. Үш айналымның мәліметтерін жинау кезеңі қатысушы елдерде әр түрлі уақытта өтсе де, барлық айналымдардың нәтижелерін бір-бірімен салыстыруға болады, өйткені барлық айналымдарда бірыңғай зерттеу құралдары қолданылды. Қазақстандағы PIAAC негізгі зерттеуінің деректері 2017 жылдың тамызынан 2018 жылдың сәуіріне дейін жиналды. Зерттеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. PIAAC зерттеуі 14 облыс пен республикалық маңызы бар 2 қаладан 6 050 респондентті қамтыды (2017 жылы іріктеу жүргізуде Шымкент республикалық маңызы бар қала болмаған).

Зерттеуге кездейсоқ іріктеу әдісі арқылы әрбір қатысушы елден 5000-нан астам ересек тұрғын іріктеледі. Зерттеудің бірінші кезеңінде сауалнама жүргізіледі. Респондент өзінің білімі, жұмысы, зерттелетін дағдыларды жұмыста және күнделікті өмірде пайдалануы, әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары туралы сұрақтарға жауап беруі керек. Екінші кезеңде оқу және математикалық сауаттылық және жоғары технологиялық ортада есептер шығаруы бағаланды. Компьютерді қолдану тәжірибесі бар және компьютерлік дағдылардың деңгейін анықтайтын негізгі тапсырмаларды сәтті орындаған респонденттер қалған тапсырмаларды компьютерде орындауды жалғастырды. Бұрын компьютерді қолданып көрмеген немесе компьютерде негізгі тапсырмаларды орындай алмаған респонденттер тапсырмаларды қағаз буклеттерде жалғастырды. Барлық тапсырмалар адамның күнделікті өмірінде кездесетін мәселелермен байланысты (тауарлардың құнын жеңілдікпен есептеу, медициналық бұйымдардың нұсқаулығын түсініп, оны кімге қолдануға болмайтынын анықтау; Интернет арқылы тапсырысты қайтаруды рәсімдеу және т.б.).

PIAAC зерттеуіне қатысушы елдер

1-ші цикл 1-й айналым (2011-2012) АҚШ, Аустралия, Аустрия, Бельгия (Фландрия), Жапония, Германия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Корея, Нидерланды, Норвегия, Польша, Ресей Федерациясы, Словакия, Ұлыбритания (Англия және Солтүстік Ирландия), Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Эстония
2-ші айналым (2014-2015) АҚШ, Греция, Жаңа Зеландия, Израиль, Индонезия, Литва, Сингапур, Словения, Түркия, Чили
3-ші айналым (2017-2018) АҚШ, Венгрия, Қазақстан, Мексика, Перу, Эквадор
2-ші цикл 1-ші айналым (2021-2022) АҚШ, Аустралия, Аустрия, Бельгия (Фландрия), Венгрия, Жаңа Зеландия, Жапония, Германия, Дания, Израиль, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Корея, Латвия, Литва, Нидерланды, Норвегия, Польша, Португалия, Ресей Федерациясы, Сингапур, Словакия, Ұлыбритания (Англия), Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Эстония